
Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Пандемия кезінде, ішкі сұраныс төмендеген жағдайда экономикалық белсенділікті сақтау үшін Ұлттық банк ынталандырушы ақша-кредит саясатын жүргізді, бұл карантинді қатаңдату шараларының дезинфляциялық әсерін күшейтті. Ал, жағдай біршама тұрақталып, карантиндік шекеулер босаңсыған уақытта, «Экономика өсімінің оң траекториясына шыққан соң» Ұлттық банк проинфляциялық тәуекелдер күшейген жағдайда ақша-кредит саясатының бағытын өзгертеді. Ал, «бүгінде байқалып отырған инфляцияның өсуі сыртқы және ішкі факторларға тең дәрежеде байланысты», — деді Ерболат Досаев.
Досаевтың сөзінше пандемияның әсерінен, «соңғы 10 жылда әлемде азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі тіркелді, металдар бір жылда 1,5 есеге қымбаттады. Шикізатқа сұранысты көрсететін құрғақ жүктерді тасымалдау құны тапсырыстардың өсуі мен контейнерлердің жетіспеуіне байланысты 2019 жылдың аяғынан бастап 3,2 есеге және 2020 жылғы мамырмен салыстырғанда 7 есеге өсті. Салдарынан АҚШ-та инфляция 1990 жылдан бастап 30 жылдық максимумға жетіп, 6,2% болды, Еуропа одағында да ол рекордтық көрсеткіш – 4,1%-ға жетті».
Ұлттық банк басшысы. Ерболат Досаев мәлімдегендей, мұндай жағдайда орталық банктер ақша-несие шарттарын қатаңдатуға көше бастайды. Биылғы қыркүйек айының басынан бастап 24 елдің орталық банктері негізгі мөлшерлемелерін көтерген.
«Бүкіл әлемдік экономика сияқты Қазақстан экономикасы да соңғы 2 жылда коронавирус пандемиясына байланысты ғасыр дағдарысын бастан өткеріп отыр. Мұндай жағдайда қаржы секторы үш жаһандық сын-қатерге қарсы келіп тұр. Бірінші сын-қатер – инфляцияның жаппай өсуі және әлемдік тауар нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі және тауар жеткізу ісінің тоқтап қалуынан инфляциялық қысымның көтерілуі», — деді Ерболат Досаев.
Оның дерегінше әлемдік нақты ЖІӨ 2021 жылы 40 жылдан астам уақыт ішінде ең жылдам өседі және Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша 5,9%-ті құрайды деп күтілуде.
Ерболат Досаевтың атйнуыша, Жаңа перспективалар мен кең мүмкіндіктер ашатын екінші сын-қатер – пандемия әсерінен бүкіл әлемдік экономиканы жедел цифрландыру. «Трансформациялық процестер ұтқырлық, ыңғайлылық және қауіпсіздік талаптарына жауап беретін қаржылық қызметтерді ұсынудың жаңа форматтарын бірінші орынға шығарды», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал күн тәртібінде тұрған үшінші сын-қатер – климаттық өзгерістерге қарсы күрес. «Болашақта климаттық жағдайларға тікелей әсер етуден бөлек жауапты инвестициялау қағидаттары ескерілген қаржылық ландшафтта өзгеретін болады». Жаһандық сын-қатерлер мен қазіргі процестерді ескере отырып, Ұлттық Банк биылғы наурызда ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекіткен болатын. Стратегия, Ұлттық банк төрағасының мәліметінше «ақша-кредит саясатын жүргізудің институционалдық және операциялық негізін күшейту, қаржы секторын монетарлық саясаттың тиімді делдалы ретінде дамыту және макроэкономикалық саясаттың контрциклдылығын арттыра отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыру сияқты үш негізгі бағыттан тұрады».