
2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторы активтерінің көлемі 82,1 млрд АҚШ долларын құрады, олардың 35,8%-ы – өтімділігі жоғары активтер. Жүйелік деңгейде кредиттердің депозиттерге қатысы 69,5% болды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының кеңесшісі Тимұр Әбілқасымов мәлімдеді.
«Соңғы жеті жылда банктердің несие портфелінің сапасы айтарлықтай жақсарды. Егер 2013-2014 жылдары банк секторындағы жұмыс істемейтін кредиттер үлесі 30%-дан асса, 2021 жылғы тамыздағы жағдай бойынша NPL үлесі 4,8%-ды құрады. Жұмыс істемейтін кредиттер үлесінің азаюына қаржы реттеушісі қабылдаған шаралардың есебінен қол жеткізілді», — деп атап өтті Кеңесші.
Қазақстанда жүргізілген активтер сапасын бағалау (AQR) елдің банк секторының жүйелік деңгейде капиталдандырудың жеткілікті деңгейде екенін көрсетті.
2021 жылғы қазан айында Еуропалық орталық банктің әдіснамасы бойынша қатысушылардың саны шектелген пилоттық стресс-тестілеу жобасы іске қосылды. Агенттік стресс-тестілеу тұжырымдамасын, шаблондар мен қажетті модельдерді әзірледі. Жоба шеңберінде банктер тәуекелдің әрбір түрі бойынша реттеуші белгілеген микроқаржылық күйзелістердің әсер етуін дербес бағалайтын болады, ал реттеуші бағалауды challenger модельдерінің көмегімен тексеретін болады.