Datametrics командасы бір ай ішінде барлық аймақта тұратын қазақстандықтардың 31 желтоқсанға арналған мерекелік дастарханына қатысты шағын сауалнама жүргізді, деп жазады Qarazhat.kz. Қазақстандықтар осы бір кешті мерекелеу үшін тамақ пен сыйлықтарға қанша ақша жұмсайды? Сауалнама барысында кірістері 100 мың теңгеге дейінгі және 300 мың теңгеден жоғары аралықтағы отбасылар негізге алынды.
Сауалнама көрсеткендей қазақстандықтар орта есеппен 31 желтоқсанда дастархан жаюға 62 мың теңге, туыстары мен жақындарына сыйлықтарға 25,7 мың теңге жұмсайды. Ал табысы 100 мың теңгеге дейінгі отбасылар 43,2 мың теңге жұмсайды (яғни бір мереке үшін айлық табыстың жартысына жуығы жұмсалады), ал табысы 300 мың теңгеден жоғары отбасылар шамамен 78,8 мың теңге жұмсайды. Сыйлықтарға қатысты да жағдай осындай табысы төмен отбасылар табысы жоғары отбасыларға қарағанда аз жұмсайды.
Отбасылық мейрам саналатындықтан қазақстандықтардың барлығы дерлік мерекені үйінде өткізеді, респонденттердің тек 3% — ы мерекені қонақта немесе мейрамханада өткізгісі келеді, жаңа жылды шет елдерде атап өтетіндер де бар.
Ал, сіз жаңа жыл кешіне қанша қаражат жұмсайсыз?