Экология министрі утилалымның есебін бере ме?

0
146

Елдегі көлік құралдарына қатысты утилизациялық алым — қоғам назарын аударып отырған, мәселенің бірі. Оны жинаумен айналысатын РОП ЖШС-ның  бірінші Президент отбасымен байланысы бары да айтылып жүрген еді.

2016 жылдан бастап көтерілген утилизациялық алымның кесірінен елде көлік бағасы шарықтап кеткені анық. Бұл мәселе Президенттің құлағына жетіп, аты  жаңа, құрамы аса жаңара қоймаған  Үкіметке утилалымның көлемін қайта қарау, оператордың жұмысын өзге елдердегі секілді мемлекет қарамағына беру туралы тапсырма берген еді.

Бүгін Әлихан Смаилов кабинеті алғашқы отырысын өткізді. Бірінші отырыста қаралған мәселелердің арасында утилалым да бар.

Алайда, ескі де жаңа Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің   сөздерінен 2016 жылдан бері елімізде утилалымды жинап келген оператор РОП ЖШС-ға бүйрегі бұрып тұрғандай рай байқадық.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін кәдеге жарату төлемі түрінде түскен қаражат көлемі  691,9 млрд теңге болған. Министрдің дерегінше бұл қаражат заңға сәйкес жұмсалған. Атап айтқанда, «отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаты қайтарылды». Сондай-ақ, Экология министрінің дерегінше Оператор РОП ШЖС  экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге, салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсаған. «Бүгінде қаражат қалдығы – екінші деңгейлі банктерде 220,6 млрд теңге бар» екен Брекешевтің сөзінше.

Брекешев мырза, өзі басқарып отырған министрлік бес жыл ішінде утилалымнан түскен 102 млрд теңгенің қалай жұмсалғаны туралы да халыққа есеп береді деген үміттеміз.

Утилалымның көлемі қайта қарала ма?

 Бұған қатысты Экология министрі Брекешевтің  Смаилов Үкіметі құрамында  жасаған алғашқы ұсынысы мынадай: «Біріншіден, жеке мемлекеттік оператор немесе өнеркәсіпті дамыту қоры базасында құру. Екіншіден, кәдеге жарату төлемін коэффициенттері қайта қарау. Үшіншіден, кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру». 

Жалпылама айтылған бұл сөздерден Экология министрінің нақты не ұсынып отырғанын айқындау қиын. Өйткені алым коэфициентін қайта қарауды Мемлекет басшысы тапсырған болатын. Ал, РОП ЖШС-ның орнына қандай құрылым құруды ұсынғанын министрлік қайта тәпсірлеуі керек секілді.

Ал, алғашқы отырысты өткізген су жаңа үкімет басшысы Әлихан Смаилов бұл мәселеге байланысты бірнеше министрлікке тапсырма беріпті.

«Утилизациялық алым мәселесі бойынша Экология министрлігіне, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, нақты іске асыру механизмдері мен тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.

Утилалымды қайта қарау елдегі өзге де мәселелер секілді созбаққа салынбас деп үміттенейік. Ал, осы қаражаттың бір бөлігін алып отыратын министрлік өз мүддесі үшін бұра тарта ма, әр түскен тиынның есебін беріп отыра ма, оны да болашақ көрсетеді.

Предыдущая статьяБюджеттің мемлекеттік борышты өтеуге жұмсалатын шығындары өсті
Следующая статьяТеңгені әлсіретпеу үшін валюталық интервенция жасалмақ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here