Ұлттық Банк екі күнде 240 млн долларға интервенция жүргізді

0
208

Қазақстанның қаржы нарығы үшін 2022 жылдың қалай басталғаны туралы  мәлімдеген ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова осындай мәлімет берді, деп хабарлайды Qarazhat.kz.

Оның айтуынша, валюталар бойынша бір аптаға жуық сауда-саттықтың болмауын ескере отырып, бизнес тарапынан, сол сияқты халық тарапынан шетел валютасына жинақталған сұраныс пайда болды. Жағдай теңге бағамының бұдан былайғы қозғалысы бойынша орын алған оқиғалар мен белгісіздік аясында валюта сатушылар санының өте шектеулі болуымен күрделене түсті. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне және тұрақсыздандыратын ауытқуларға жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізді. Олардың көлемі 12 және 13 қаңтарда 240 млн долларды немесе сауда-саттықтың бүкіл көлемінің 50%-ға жуығын құрады. Жыл басынан бастап 13 қаңтар аралығында шетел валютасына сұраныстың артуы аясында теңге бағамы 433,67 теңгеге дейін 0,5%-ға әлсіреді.

Қазіргі уақытта валюта нарығындағы жағдай тынышталды, қаржы нарығының жұмыс істеуі толығымен қалпына келтірілді, операциялар штаттық режимде жүргізілуде, дейді Әлия Молдабекова.

Желтоқсанның жекелеген күндерінде валюта нарығындағы ахуал жоғары сұраныспен және өте шектеулі ұсыныспен сипатталды. Бұған дейін біз желтоқсанның басында Ұлттық Банк тарапынан интервенция жүргізілеті туралы айтқан болатынбыз. 2 және 3 желтоқсанда бейрезиденттер тарапынан айтарлықтай сұраныс аясында валюта нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізді, сондай-ақ желтоқсанның соңғы күні жеке және заңды тұлғалар тарапынан сұраныс пен шетел валютасын сатушылардың іс жүзінде болмауы аясында теңгені тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау мақсатында ҚРҰБ валюталық интервенция жүргізді. Жалпы, Ұлттық Банктің 2021 жылғы желтоқсандағы интервенцияларының көлемі 252 млн АҚШ долларын құрады.

Екінші жағынан, желтоқсанда Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу және квазимемлекеттік сектор тарапынан шетел валютасын сату үшін конвертациялау операциялары теңгеге қолдау көрсетті. Экспорттаушылардың желтоқсандағы салық аптасы ішінде сатуы да шетел валютасын ұсынуды қолдады. Айдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 431,80 теңгеге дейін немесе 0,6%-ға қалыпты түрде нығайды.

Әлия Молдабекованың айтуынша, алдын ала деректер бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері желтоқсан айында 404 млн АҚШ долларына артып, 2021 жылдың соңында 55,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Бірінші кезекте 2021 жылғы қарашада омикрон жаңа штаммының анықталуына байланысты нарықтарда айтарлықтай түзетулер болғанын атап өту қажет. Алайда желтоқсанда нарыққа қатысушылар ауқымды локдаундар тәжірибесінен кету аясында барынша оптимистік көзқараста болды. Нәтижесінде желтоқсанның қорытындысы бойынша қаржы нарықтарында қалпына келу байқалды. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі желтоқсанның қорытындысы бойынша оң болып, 916 млн АҚШ долларын құрады.

Бұл ретте, өткен айда 368 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген және нысаналы трансферттер бөлу мақсатында валюта нарығында 839 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды.

Жалпы, республикалық бюджетке трансферттерді алу аясында Ұлттық қордың активтері 2021 жылы 3,4 млрд АҚШ долларына төмендеді.

Өткен жылы Ұлттық қордан 4,5 трлн теңгеге бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 9,6 млрд АҚШ долларына валюталық активтер сатылды. Қорға шетел валютасында түсетін түсімдер бір жылда 3,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық банктің 2022 жылы нарықтардың динамикасына қатысты болжамдарына қатысты Әлия Молдабекова былай деді:

 Сovid-19-ға байланысты бұдан былайғы жағдай, ФРЖ және басқа орталық банктердің ақша-кредит саясатының бағыты, әлемдегі инфляцияның жеделдеуі сияқты осындай негізгі факторлардың барлығы 2022 жылы нарықтардың серпінін айқындайтын болады.

Әлемдік экономиканы қалпына келтіру жалғасуда, ЭЫДҰ 2022 жылы жаһандық ІЖӨ-нің 4,5%-ға өсуін күтуде. Ұлттық Банктің желтоқсан айындағы болжамына сәйкес Қазақстан экономикасы осы жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде 3,9-4,2%-ға өседі. 

Біздің валюта нарығымызға тікелей әсер ететін факторларға жеке тоқталып өтейін. Біріншіден, мұнай бағасы теңге үшін іргелі факторлардың бір болып табылады, оның серпініне Covid-19-бен байланысты ахуал қатты әсер етіп келеді. Көптеген талдаушылардың пікірінше, мұнай нарығының перспективасы оң болып қалуда – сұраныс та біртіндеп қалпына келуде, бұл байқалып отырған мұнай ұсынысының шамалы ғана тапшылығын ескере отырып, «қара алтын» бағасының өскенін білдіреді. ОПЕК+ елдерінің бұдан кейінгі саясаты және өндіруді ұлғайту қарқыны маңызды рөл атқаратын болады. Алайда, энергия тасымалдаушылар нарығы үшін Covid-19-бен байланысты ахуалдың нашарлауы және Иран мұнайын экспорттауға АҚШ эмбаргосы күшінің жойылуы негізгі тәуекелдер болып қалады.

Екіншіден, әлемдік қаржы нарықтарында АҚШ ФРЖ-ның алдағы саясаты негізгі мәселелердің бірі болып қалуда. Бұдан бұрын айтып өткендей, соңғы отырыстан кейін мөлшерлемелерді тез арада арттыру бойынша күтулер айтарлықтай күшейді. Нарық ФРЖ мөлшерлемесінің 2022 жылы үш рет емес, төрт рет көтерілетіні жөніндегі  болжамдарды қарастыруда.

АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің артуы – экономикасы дамушы нарықтар үшін АҚШ долларының нығаюына, нәтижесінде капиталдың әкетілуіне және ЕМ елдері үшін қарыз алу құнының артуына әкеп соқтыратын теріс фактор. Екінші жағынан, кейбір талдаушылар 2021 жылы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы мөлшерлеменің күткеннен де тез арту сценарийінің іске асатыны жөніндегі күтудің қалыптасып қалғанын атап өтті. Сондықтан, біз қаржы нарықтарындағы қазіргі ахуал сақталған жағдайда, АҚШ долларының айтарлықтай нығаюын күтпейміз.

Салымдарды долларсыздандыру/долларландыру бойынша бұдан былайғы серпін және төлем балансының жай-күйі теңге үшін айқындаушы ішкі факторлар болмақ. Мұнай бағасы ұлғайып, қазақстандық экспорт көлемінің өсуіне ықпал еткеніне қарамастан, импорт та өсуін жалғастырып, теңгеге қысым көрсетуде. Импортқа тәуелділік халық пен бизнестің долларлануын шектейтін себептердің бірі болып табылады.

Мемлекет басшысы монетарлық саясаттың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударып, орнықты экономикалық өсу үшін валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды рөлін нақты атап өтті. Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен күш-жігері 2022 жылы және орта мерзімді перспективада импортқа тәуелділікті төмендетуге, инфляцияны нысаналы дәліз деңгейіне дейін тұрақтандыруға және төмендетуге бағытталатын болады, бұл валюта нарығындағы теңгерім мен тұрақтылыққа ықпал етеді.

Дереккөз: Kapital.kz

Предыдущая статьяӘлемде мұнай мен газ өндіруге инвестиция ұлғаймақ
Следующая статьяҚазақстан ауқатты адамдар үшін жайлы ма?

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here