Мұнай өңдеу зауыттарына бөлінген 20,5 млрд теңге қолды болған

0
262

Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға бөлінген 20,5 млрд теңге  қаржыны жымқыру фактілеріне қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.  Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеді, деп жазады Qarazhat, Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Сондай-ақ, агенттік басшысының дерегінше Қазақстаннан заңсыз жылыстатылған 28 млн доллар бұғатталды.  Президенттің тапсырмасы аясында қаржыны Қазақстаннан тыс жерлерге заңсыз жылыстатуға қарсы жұмыстар өндірісте. Бүгінде 7 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Жалпы  552 қылмыстық іс қозғалған. Олардың жартысынан көбі – ауыр және аса ауыр қылмыстар. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактілері бойынша 14 іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Мемлекетке 62 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген. Жанат Элимановтың айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Кеден саласында 34 қылмыстық іс қозғалды. Декларацияға енгізілмеген тауарлардың жалпы құны 10 млрд теңгеден асады.

Агенттік төрағасының айтуынша, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінеді. «Тариф» жобасы аясында коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтердің негізсіз өсу деректерін анықтау және монополиялардан арылту жұмыстары жалғасады.

Маңғыстау облысында сұйытылған газды сату кезіндегі алып-сату белгілері бойынша Энергетика министрлігінің, облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және электронды сауда алаңдарына қатысты іс тергеп-тексеріліп жатыр.

 Мемлекет басшысы Агенттіктің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарының маңызды екенін ерекше атап өтіп, Жанат Элимановқа бизнеске қатысты жүргізіліп жатқан барлық қылмыстық істі тергеп-тексеру кезінде заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Президенттің пікірінше, құқық қорғау және бақылаушы органдар кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел назар аударуға және олардың құқығын шектемеуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ерекше қолдау қажет екенін айтты және бұл жерде Қаржылық мониторинг агенттігі маңызды рөл атқарады деп санайды. Құқық қорғау және бақылаушы органдардың ортақ міндеті – экономикамыздың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін елімізде қолайлы бизнес-орта қалыптастыруға атсалысу.

Photo by www.akorda.kz

Предыдущая статьяДариға Назарбаева көрермен көңілін 500 теңге төлеп, сатып алды ма?
Следующая статьяJusan Bank-тің рейтингі «тұрақты»

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here