
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қарашаның 9-ы күні «ҚазТрансГаз» АҚ 100% акциясын «Самұрық-Қазына» ӘАҚ-ның пайдасына берілгенін хабарлады. Мәміле сомасы – 1 теңге.
Қарашаның 9-да ҚазМұнайГаз бен «Самұрық-Қазына» Қоры арасында 2021 жылдың 11 наурызында жасалған сенімгерлік басқару келісімшартының күші де жойылды.
Мәміле жасалмас бұрын бірқатар заңды және қаржылық шарттар орындалғанын, соның ішінде ҚМГ кредиторларының және тиісті мемлекеттік органдардың келісімін алу қажет болғанын атап өткен жөн. Бірінші кезеңде 2020 жылдың қазан айында ҚМГ 750 млн АҚШ доллары сомасына еурооблигацияларды қайта қаржыландырды, бұл ретте жаңа шарт бойынша ҚазТрансГаздың шығу мүмкіндігі көзделген болатын. Келесі кезең барысында 2021 жылдың маусымында ҚазТрансГаздың бөлініп шығуына ҚазМұнайГаз еурооблигацияларының басқа ұстаушыларынан келісім алынды.
Сонымен қатар мәміленің жасалуы ҚМГ-ның кредит беруші банктерімен, соның ішінде жекелеген қарыздарды қаржыландыру арқылы келісілді. Атқарылған жұмыс кезеңдерінің бірі ҚР Үкіметінің 2021 жылдың 8 қарашадағы «Стратегиялық объектіні иеліктен шығару туралы» қаулысының қабылданғаны болды. Аталған қаулыға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына ҚТГ-ның 100% акциясы пакетін Қор пайдасына сатып алу-сату келісімшарт жасасу жолымен иеліктен шығару жөніндегі мәмілені жасауға рұқсат берілді.
Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаздың барлық кредиторы ҚТГ-ны Қордың жеке еншілес компаниясы етіп шығаруға келісімін берді.
Айта кетейік, ҚазТрансГаздың бөлінуі нәтижесінде ҚазМұнайГаз қарызы 1,1 млрд АҚШ долларына (берілген кепілдіктерді есептегенде 1,6 млрд долларға) азаяды.
ҚМГ алдағы уақытта да Қазақстанның газ саласын жаңғырту мен әртараптандыру ісіне одан әрі жәрдем көрсетуге ниетті. Осыған байланысты ұлттық компания ҚазТрансГазбен бұл мәселе бойынша ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі.
ҚазТрансГаз акцияларын «Самұрық Қазына» Қорына беру 2020 жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» қорын басқару жөніндегі кеңестің тапсырмасын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылдың 26 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық операторды құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылды.
Еске салсақ, 2002 жылы ұлттық компания құрылғаннан бастап ҚТГ оның құрамында болды. ҚМГ осы уақыт ішінде ҚТГ капиталына ақша мен мүлік түрінде шамамен 143 млрд теңге құйды. Бұл ретте ҚТГ активтері 125 млрд теңгеден 2,5 трлн теңгеге 20 еседен көп өсті, капитал 61 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге артты, түсім жылына 85 млрд теңгеден 900 млрд теңгеге дейін көбейді. ҚТГ құрылған сәттен бастап Қазақстанда 10 мың шақырымнан аса магистралды газ құбырлары салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ҚТГ 20 мың шақырымнан астам магистралды құбыр жолдарын және 56 мың шақырымнан аса газ тарату желілерін басқарып отыр.