Қазақстан экологиялық мәселелерін шеше алмай отырған мемлекеттер қатарында. Елімізде миллиондар қоқыста шашылып жатыр, деп жазады Qarazhat.kz
2021-2025 жылдар аралығын қамтитын «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына 1,4 триллион теңгеден астам (1 413 126 354 теңге), оның ішінде өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу мақсатына 2025 жылды қосқанда 4 жылға 206 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалады деп жоспарланған. Ұлттық жобаның «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыты бойынша 8 мыңнан астам контейнер орнатып, олардың үлесі мен кәдеге жарауын 18%-дан 34%-ға дейін ұлғайтпақ. БАҚ-та жариялау арқылы қалдықтарды бөлек жинауды халық арасында насихаттау, жергілікті және ұлттық деңгейде іс-шаралар мен акциялар өткізу деген маңызды пункт те бар.
Министрлік ұсынған деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 60-тан астам ұйым қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша лицензия алды, ал хабарлама режимі аясында 290-нан астам кәсіпкерлік субъектілері бар.
KazWaste қауымдастығы Қазақстанда қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 50-ден астам ұйым мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктіріп отыр. Ұйым сайтындағы дерекке сәйкес, KazWaste қауымдастығының мақсаты мен міндеті – еліміздегі қалдықтарды басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, қалдықтарды өңдеу саласындағы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және ортақ мәселелерді шешу мақсатында кәсіпорындардың өзара әрекеттесуін ұйымдастыру.
Қоқыс өңдеушілерді мемлекет тарапынан ынталандыру жоқ
Қоқыс өңдеу саласының қадамын қысқартып отырған ең басты проблема – заңнамамыздағы ағаттықтар. Атап айтсақ: қалдықтың жинақталуына лимит орнату, кейбір қалдық түрлерін көмуге, сондай-ақ сыртқа шығаруға тыйым салу, мемлекет тарапынан ынталандыру шараларының жоқтығы, — дейді қауымдастық басшысы Вера Мустафина.
Вера Мұстафинаның айтуынша, қалдықтарды басқару — Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу концепциясының басым міндеті. Экология министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес, өндірістің қалдықтарды қайта өңдеу мен жою көрсеткіші 2024 жылы 44%-ға жетуі тиіс.
- Пластик өңдеушілерін мысалға алсақ, олар халық тұтынатын тауардан бастап (шелек, ілгіш, шылапшын), өнеркәсіпке арналған заттарға дейін (геотекстиль, геокомпозит, геокаркас, геотор, синтепон мен холлофайбер, гидрооқшаулау мембранасы, полиэтиленнен жасалған газ және су құбырлары) түрлі тауар өндіреді. Тауарлар қайталама шикізаттан жасалғандықтан, сәйкесінше, олардың нарықтағы бағасы да бастапқы шикізаттан жасалған тауарларға қарағанда әлдеқайда төмен. Яғни, қайталама шикізаттан жасалған тауар — қосылған құны төмен тауар болып келеді. Бизнестің бұл саласы қоршаған орта жағдайын жақсартуға оң әсер ететіні сөзсіз, алайда рентабельді емес, — дейді KazWaste басшысы.
Қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың жаппай талабынан соң, 14 маусымнан бастап ПЭТ (полиэтилентерефталат) қалдықтарын елден шығаруға алты ай мерзімге тыйым салынды. Вера Мустафинаның пікірінше, бұл шешім қалдықтарды қайта өңдеу саласын мүлдем тұралатып жіберуі мүмкін.
- Бұған дейін картон мен макулатураның сыртқа шығарылуына салынған тыйым қағаз бен картон қалдықтарының сұрыпталуына кесірін тигізген. Шын мәнінде бұл тыйым қалдық жинаушы кәсіпорындар мен қоршаған ортаға нұқсан келтіру арқылы қайта өңдеушілерге бағытталған протекционистік шара еді. Импортерлердің көтере сатып алу бағасы 100 тг/кг болғанда, тыйым салу кезінде макулатура бағасы 55 тг/кг дейін түсті. Ай сайынғы қағаз бен картон қалдығының түзілуі 18 мың тонна болғанда, Қазақстандағы қайта өңдеу көлемі айына 8 мың тоннадан аса алмады. 60 мың тонна көлеміндегі бүкіл қайта өңделмеген қағаз бен картон қалдықтары қойма, полигон мен қоқыс үйінділерінде құр босқа шіріп кетті. Біздің есепке сәйкес, шағын және орта бизнес шығыны 2019 жылғы баға бойынша 6 млрд теңгені құрады.
Пэт қалдықтарын экспорттауға тыйымның енгізілуіне байланысты дәл осындай жағдай болжанып отыр. Жыл сайын Қазақстанда ПЭТ қаптамасының шамамен 50-60 мың тонна қалдықтары түзіледі. Біздің қауымдастықтың тек 17 мүшесі 2021 жылы 10 341 тонна ПЭТ қалдықтарын жинады. Біздің есепке сәйкес, жалпы ел бойынша ПЭТ қалдықтары 20 мың тоннадан асады. Ал Қазақстандағы ПЭТ өңдеу үлесі – 10 мың тоннаға дейін ғана (нақты деректер жоқ). Демек, Қазақстанда жиналған 10 мың тоннадан астам ПЭТ қалдықтары қайта өңделмейді.
Қарапайым халық қоқысты сұрыптауға құлықты емес
Ержан Молдабеков, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Clean City NC» қызметкері: Адамдар қоқыста сұрыптамайды. Үйінен әкеліп қалай болса солай тастай салады. Ал қоқыс өте көп. Біздің мекемеміз күнделікті 60-тан аса машина шығарады, бұл кем дегенде 500 тонна қоқыс. Мен өзім күніне территориямнан 10-12 тонна жинап тасимын. Бір қоқысқа екі машина келеді: сарысы дымқыл қоқысты, ал ақ машина қатты қалдықтарды әкетеді. Қоқыс сұрыпталмайды. Уақытымыз болғанда өзіміз бөліп отырамыз. Халық қоқысты сұрыптауды әлі де түсінбей жатыр соны. Бүкіл тәрбие үйден дейді ғой. Амал қанша?
Александр Фербер, Нұр-Сұлтандағы «Меркурий» ТК аула сыпырушысы: Адамдар қоқысты әр жерге тастай салады. Әсіресе, сусыннан қалған пластик, шыны, қаңылтыр құтылар өте көп. Дымқыл майлық, қаптамалар, қағаз қалдықтары да шашылып жатады. 300 пәтерлі бір ғана үйден күнделікті осындай 100 литрлік бөшке қоқыс жинап аламын.
Біз тазалық сақшыларының сөзіне көз жеткізу үшін бір сағаттай қоқыстың маңын бақыладық. Айтса, айтқандай-ақ, адамдар қалдықтарын көбінесе бір пакетпен әкеледі. Үйінен қоқысын іріктегендері некен-саяқ. Тіпті, түрлі-түсті контейнерлердің не үшін тұрғанғынан бейхабар жандар да бар.
Гүлнар Баймурзина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: Шынымды айтайын, бұл сары жәшікке бәрін сала беремін. Тамақ та, пластик те соған кетеді. Өйткені, байқаймын, көп кісі жасылға емес, мына сарыға лақтырады. Мен де сөйтем. Үйде бөлмеймін. Білмеймін, уақытым жоқ. Ешкім сұрыптамайды ғой. Бәрі күйбең тірліктің қамымен жүгіріп жүр.
Бұл туралы Заң не дейді? 2021жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Экологиялық кодекстің 329-бабына көз салсақ, қалдықтар түзілуін болдырмау және түзілген қалдықтарды басқару жөніндегі шаралар мынадай реттілікті сақтауы тиіс:
- қалдықтарды түзілуін болдырмау;
- қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау;
- қалдықтарды қайта өңдеу;
- қалдықтарды кәдеге жарату;
- қалдықтарды жою.
Алайда, бұл реттілік сақталмаса, қандай жаза қолданылатыны белгісіз. Шынтуайтқа келгенде, қарапайым жұртшылық Экологиялық кодекс талаптары жайлы білмеуі де мүмкін. Адамдар қоқысты не үшін бөліп-жару керек екенін толық түсінбейді. Себебі, мемлекет тарапынан құлақтандыру жоқ. Мәселен, жақында өткізілген жалпыұлттық референдум жарнамасына қазынадан 383 млн теңге жұмсалды (бэграунд). Естімеген құлақ, көрмеген көз қалмас үшін 38 медиа ұйымы ақпараттық материалдар әзірлеп, халық арасында үздіксіз таратып отырды. Дәл осындай экологиялық насихат неге жүргізілмейді? Мемлекет еліміздің экологиялық түйткілдеріне неге немқұрайлы қарап отыр? Бұның анық-қанығына жету үшін жүгіндік.
Қағазда бәрі қатып тұр, ал іс жүзінде Заң ақсақ
Дмитрий Калмыковтың айтуынша, Мемлекеттік саясат Экологиялық кодексінде жазылған. «Қалдықтарды болдырмау, оларды азайту, рециклизациялау, қайтадан пайдалану, қалдық түзушілердің жауапкершілігі туралы Заңда дұрыс жазылған. Қағазда бәрі қатып тұр, ал іс жүзінде Заң ақсақ, кейде, тіпті, қарама-қайшылыққа толы. Қоқыстарды басқару жөнінде ешбір мемлекеттік бағдарламалар жайлы білмеймін, ешқашан естіген де емеспін», — дейді ол.
Дмитрий Калмыков, елімізде қоқыс өңдейтін қанша зауыт бар екенін білмеймін, дейді. «Меніңше, мұны ешкім де білмейді. Көбі жеке меншік сияқты, мемлекеттік зауыт туралы естуім жоқ. Бірақ Нұр-Сұлтан, Алматының коммуналдық иелігінде бірдеңе болуы да мүмкін. Бұрын мемлекеттік зауыттар бар еді, алайда, білуімше, ешбірі аман қалмады. Жемқорлықтың кесірінен шығынды кәсіпорындар болатын – о баста ақша жымқыру үшін тұрғызылған»,- дейді экобелсенді.
Оның пікірінше, халықты экомәдениетке ортақтастыру үшін ұлттық бағдарламалар жоқ және ешқашан болған емес. «Кейде бөлек бір аяқасты әрі тұрақсыз мемлекеттік сатып алулар болып қалады. Оның өзі орман күні, қоршаған орта күні, көл тазалау сияқты ұсақ-түйек экологиялық акциялар», — дейді «ЭкоМузей» мекемесінің директоры, экобелсенді Дмитрий Калмыков.
Қазақстанның экологиялық болашағы қандай?
Перспективалар айқын емес. Орындалмайтын немесе әлсіз орындалып жатқан жақсы заң өте көп. Сондай-ақ, экологияға кесірін тигізетін заң да бар. Кәсіпорындардың барлығы дерлік өзінің қауіпті шығарындыларын бұрмалап, төмендетіп көрсетіп отырады, ал мемлекет олардың бетпердесін я аша алмайды, я ашқысы келмейді.
Экология министрлігі қалған қалдықты бақыламайды
Қазақстанда жыл сайын 90 мың тонна пластик қалдықтары түзіледі деген Экология министрлігінің ресми хаты бар. Оның тек 3,5 %-ы ғана қайта өңделеді. Бұл туралы Qarazhat.kz тілшісіне пікір білдірген Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров мәлімдеді. Оның айтуынша, қалған қалдықтың жағдайы беймәлім. «Бақылау жоқ. Экология министрлігі қалған қалдықты бақыламайды да, онымен әрі қарай не болатынын білмейді. Егер сыртқа шығарылса – қаншасы шығарылды, қайда тіркелген? Бұл дерек еш жерде жоқ. Мүмкін, тіпті, сыртқа шығарылмай, қалдықтың көп бөлігі көміле салатын шығар? Сіз мұны ешқашан біле алмайсыз. Бар гәп осында. Мәселе сол — Қазақстанда ПЭТ қалдықтарды жинастыру мен сұрыптау жүйесі өте нашар дамыған. Көлеңкелі экономика белең алған. Өйткені, ешкім ештеңе айтпайды, көрсетпейді, тіркемейді. Қаншасы жиналған, сұрыпталған, елде қалған, сыртқа шығарылған – бәрі жұмбақ», -дейді Батырбек Әубәкіров.
Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының төрағасы бұл мәселенің түп-тамырына тереңірек үңілуді жөн санадық дейді. «Қалдықтардың о баста түзілуіне басты назар аудардық. Біздің есеп бойынша, тек Қазақстанда шамамен 1,5 – 2 млрд пластик құты шығарылады. Бұдан бөлек, импорт бар. Әрі қарай сол құтылармен не болатынын ешкім білмейді. Яғни, бұл жағдайда қоршаған ортаны ластаушы – өз өнімін ПЭТ қаптамасына салған өндіруші болып келеді. Мысалға Coca-Cola-ны алсақ, сіз оны іштіңіз де, қоқысқа тастай салдыңыз. Бірақ, Coca-Cola қалың жұртшылыққа өнімін сатып қана қоймай, сол құтыларды қайтадан жинап алуға да жағдай жасауы керек. Соны қадағалауы қажет. Бұл ретте «Жасыл даму» механизмі болған жөн. Бұрын мұнымен РОП айналысатын», дейді Батырбек Әубәкіров.
Осы орайда, Батырбек Әубәкіров өндірушінің қалдық жинау жүйесін өзі ұйымдастырғаны дұрыс деген пікірде. Сондай-ақ, фандомат қою, қандай да бір акция, сайыс ұйымдастыру сияқты механизмдерді ұсынады.
Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығының төрағасының пікірінше, Қазақстанда заң бар сияқты, бірақ олар әлі де көмескі, әлі де реттелмеген. РОП операторы бұл мәселеге енді кірісіп жатқан еді, қазір «Жасыл даму» келді. Бірақ, оның сыңайы әлі түсініксіз.
«Қазақстанда қалдық өңдеудің кешенді тәсілі, жүйелі жұмысы жоқ. Осыған байланысты, жағдай осындай: Қазақстанда 60 мың тонна қоқысты қайта өңдей алатын өңдеушілер бар, қуатымыз жетеді дейді олар, бірақ, шикізаты жоқ. Өйткені шикізаттың барлығы жиналып келіп полигонға жіберіледі. Ал полигон бүкіл шикізатты сұрыптап жатпайды. Экологиялық кодекс бойынша қалдықтың көмілуіне тыйым салынса да, мұны кім бақылап жатыр? Бұл заң талабының орындалып жатқанына кім кепілдік бере алады? Біз комиссия құрғанда, полигонда тек үстінен асап алуға келетін қоқыстың жиналатынын көрдік. Астында көміліп жатқанын ешкім қазып әуреленбейді. Сондықтан, шаралар кешені іске асырылуы керек. Бұл мәселемен Экология министрлігі тікелей айналысуы тиіс. Олар ПЭТ қалдықтары қоқысқа жетпейтіндей етуі керек. Фандомат, қабылдау пунктерін орналастырып, ынталандыру шараларын жүзеге асырсын. Жұртшылықтың қалдық жинауға деген қызығушылығын оятсын. Адамдар бұдан пайда көруі қажет. Бұл жүйе жөнге келгенде, қызмет ашықтығы пайда болып, біздің қайта өңдеу зауыттары шикізатқа тола бастайды»,- дейді сарапшы.
«Жасыл даму» операторы министрліктің жаңа жоспарын күтудеміз деп жылы жауып қоюда. Яғни, бізге бұл мәселемен нақты әрі тығыз айналысатын бір орган керек. Әрбір Қазақстанның экологиясына кесірін тигізуші шығынды өтеуі тиіс. «Жасыл даму» сол төленген қаражаттан қалдық жинау мен сұрыптаудың түрлі механизмін жасап шығаруы қажет,-дейді Батырбек Әубәкіров.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) түзіледі. 2021 жылы шамамен 4,2 млн тонна ҚТҚ пайда болды, оның 21%-ы қайта өңделді. Биыл ҚТҚ өңдеу үлесін 24%-ға дейін жеткізбек. 2021 жылы космомониторинг арқылы 7328 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды, оның 89%-ы (6740 -ы) жойылды. Қазақстан қалдықтарды кәдеге жарату тұрмақ, қоқысты жинау мәселесін шеше алмай отыр деген сөз. Өзге елдер әлдеқашан табыс пен энергия көзіне айналдырған қоқыс екеш қоқыстың өзін сатып, кәдеге жарата алмай жатқанда, жасыл экономикаға бет алған Қазақстан жайлы айтудың өзі артық.
Айнаш Тасболат
Photo by ecojer.kz