Қостанай облыстық әкімдігі, осы өңірдің футбол командасын УЕФА Чемпиондар Лигасы мен УЕФА конференциялар Лигасына қатыстыруға ниетті деп жазады, Qarazhat. Бұл мақсатқа «Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ 600 млн теңге жұмсамақ. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы ақпаратқа сенсек, маусым айында жарияланған хабарламаға сәйкес, жобаны іске асыру мерзімі: 2022 жылғы шілде — желтоқсан.
Техникалық сипаттамада көрсетілгендей қомақты қаржы Қостанай облыстық футбол командасының негізгі құрамын ұйымдастыру және дайындау және олардың 2022 жылы УЕФА Чемпиондар Лигасы мен УЕФА конференциялар Лигасына қатысуын қамтамасыз етуге жұмсалмақ.
Оқу-жаттығу ұйымдастыру, сауықтыру іс-шаралары, спорт кешенімен қамтамасыз етуден бөлек арнайы мамандар қызметі турады талаптар бар. Команданың негізгі құрамы үшін (кемінде 4 жаттықтырушы мен медициналық персоналдың болуы) :
1)UEFA («Pro»санаты) жаттықтырушы лицензиясы бар бас жаттықтырушы; 2)UEFA («В»санаты) жаттықтырушы лицензиясы бар бас жаттықтырушының ассистенті;
3)UEFA жаттықтырушылық лицензиясы бар қақпашылармен жұмыс жөніндегі жаттықтырушы («В»санаты);
4)жоғары арнайы білімі туралы дипломы бар дене шынықтыру даярлығы бойынша жаттықтырушы немесе UEFA («В»санаты) санатындағы тиісті лицензия;
5) жоғары медициналық білімі туралы дипломы және спорттық медицина бойынша маман сертификаты бар дәрігер.
6) медициналық білімі туралы дипломы және маман сертификаты бар Физиотерапевт;
7) арнайы орта медициналық білімі туралы дипломы бар Массажист және массаждан өткенін және оқуды аяқтағанын растайтын құжат болуы тиіс.
Жалпы, облыс әкімдіктері спорт саласына жіті көңіл бөле бастапты. Оны осы жарты жылда спорт саласында бірнеше облыс өткізген мемлекеттік сауда-саттықтан білуге болады. Солардың ең қымбатын топтап, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
2022 жыл бойынша сатып алу өткен ең жоғарғы сома — 300 млн теңге тапсырысы. Тапсырыс беруші «Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ. Сатып алу конкурсын «Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры» ҚҚ ақпан айында ұтып алған.. Аталған қаржы «Футбол клубы командаларын 2022 жылғы маусымдық ойындарға даярлау» жобасын іске асыруға, Қарағанды облысының футбол клубы командаларын республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау сапасын арттыру қызметіне (оның ішінде: маусым алдындағы дайындығын сапалы өткізу, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, маусымдық жарыстарға дайындау рәсімдерінің бәрін жүргізу) жұмсалатыны көрсетілген.
«Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының» тағы бір тапсырысы 200 млн теңгені құрайды. Сатып алу конкурсын ұтып алған «САНЖАР ТУР» ЖШС. Аталған қаржы Қарағанды облысының атынан үстел теннисінен облыстық ерлер және әйелдер командасының оқу-жаттығу жиындарына, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ең қымбат сомадағы кезекті тапсырыс 100 млн теңгені құрайды. Тапсырыс беруші «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы» коммуналдық мемлекеттiк мекемесі. Сатып алу конкурсын «Қызылжар арландары қазақ күресі спорт клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі наурыз айында ұтып алған; Аталған қаржы күрес, дзюдо және бокс түрлері бойынша құрама команда мүшелерін дайындау және республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу, сондай-ақ 2022 жылға Солтүстік Қазақстан облысы атынан балалармен оқу-жаттығу сабақтарын өткізу қызметтеріне жұмсалатынын көрсетілген.
Мемлекеттік сауда-саттық порталына шолуды әзірлеген, Күлпаш Шынбат
Photo:ашық дерек көздерінен