Таяу күндері Қайрат Сатыбалды мырзаға тиесілі компания «Қазақтелеком» акцияларын Үкіметке қайтаратыны белгілі болды. Қазақстан Үкіметі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдады .
«Сыйға тарту шарты бойынша «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының жарғылық капиталының 24,95%-ын құрайтын 2 671 481 жай акциясын республикалық меншікке беру туралы Skyline Investment Company S.A. жеке компаниясының ұсынысы қабылдансын», — делінген қаулы мәтінінде. Сондай-ақ «Alatau Capital Investment» ЖШС сыйға тарту шарты бойынша қоғамның жарғылық капиталының 3,85%-ын құрайтын қоғамның 413 412 жай акциясын республикалық меншікке береді.
Елбасының немере інісі Skyline Investment Company S.A компаниясын Люксембурте тіркеген болатын. Жалпы, Люксембургте тіркелген тағы бір компанияның еншісінде «Қазақтелекомға» тиесілі компанияның акциялары бар, деп жазады Qarazhat.
Қазақстан қор биржасының деректеріне сүйенсек, Kcell акцияларының 51% «Қазақтелекомда» болғанымен, тағы 14.87% «PIONEER TECHNOLOGIES S.A R.L.» компаниясына, «First Heartland Jusan Bank» банкіне 9,08%, БЖЗҚ-на 7,06% тиесілі.
Jusan Bank-тің түпкі меншік иесін көпшілік жақсы біледі. 2021 жылы 28 қыркүйекте Kcell акцияларының әрқайсысын 1342 теңгеден сатып алғаны жария болған. Бізді қызықтыратыны «PIONEER TECHNOLOGIES S.A R.L.» компаниясы. Оның Kcell акцияларын сатып алғаны туралы ақпарат қазан айының басында тарады. Осылайша, Kcell акционерлерінің арасында бір шетелдік компания пайда болып еді.
Сол кезде Malim.kz сайты бұл компанияның кіммен байланысы бар екенін зерттеп көрген болатын. «Қайрат Сатыбалдыдан Путинге дейін: «Қазақтелеком» кімдермен шарт жасасуда?» атты мақаладан үзінді келтірейік:
«PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. компаниясының жеке сайты жоқ. Атқаратын қызметіне қатысты да ақпараттар жоқтың қасы (S.A.R.L. аббревиуатурасы –жауапкершілігі шектеулі серіктестік дегенді білдіреді).
«Выход к морю» телеграмм арнасы Люксембург заңды тұлғалар реестрінен компания туралы төмендегідей дерек тапқан:
«Registered office: 5, rue Goethe, 1637 Luxembourg, Luxembourg
Registration number: B251568
Company type: société à responsabilité limitée
Business Register ID: RCSL
EUID: LURCSL.B251568»

https://e-justice.europa.eu/content_find_a_company-489-en.do сайтынан тапқан дерегіміз де дәл осындай. Біз осы сайтта жарияланған компанияның Жарғысын да зерттеп көрдік. Ол ағылшын және француз тілдерінде жазылған екен. Оған сәйкес, аталған компания 2021 жылғы ақпан айының он бірінде құрылған, жарғылық капиталы 12 мың еуро. Компанияның қол қою құқығы берілген екі басшысы бар: BOERNER Christian, MULLER Guillaume деген азаматтар.
Алайда, жоғарыда аталған «Выход к морю» аталатын телеграмм каналдың авторлары бұл компаниямен байланысты тағы бір тұлғаның атын атайды.
Суреттен көрініп тұрғандай PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. компаниясының бенефициары ретіндегі жанның аты-жөні Сергей Ёлкин. Аталған телеграмм арнасының жазуынша, бұл азамат тұрмысы орта тапқа жататын мәскеулік. Нақтырақ айтқанда заңды тұлғаның нағыз иесі өзінің нақты аты-жөнін жазғысы келмегенде пайдаланатын кәсіби номинал. 2017 жылы оның есімі тағы бір даулы іспен байланысты аталған. Оның атына Мальтада тағы бір компания –«Anastasia Yachts Limited» фирмасы тіркелген. Бұл компания Владимир Путиннің маңайында жүретін Ресейдегі дәулетті адамдардың бірі Владимира Потаниннің «Анастасия» аталатын яхтасына қызмет көрсетумен айналысыпты.
Біз сөз етіп отырған PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. компаниясының жарғысында оның акционерлері туралы ақпарат жоқ. Алайда, алпыс акционеріне дейін болуы қарастырылады. Ол Люксембургтегі немесе шетелдегі кез-келген компанияға кез-келген формада қатысуды, түрлі инвестиция салуды мақсат тұтады», деп жазылған Malim.kz сайтында.
Айта кетерлігі Skyline Investment Company S.A. компаниясы да дәл PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. секілді Люксембургте үшінші тұлғалардың атына тіркелген еді.
Бұл ақпаратқа сенсек, Люксембургте Қайрат Сатыбалдының тағы бір компаниясы бар. Оған «Kcell» акцияларының 14,87%-і тиесілі. Ендеше Қайрат Сатыбалды бұл акцияларды мемлекет меншігіне «бере сала» ма?