Теңгеге алыпсатарлық қысым көрсетуге жол бермеу үшін валюталық интервенция жасалуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Qarazhat.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, «Мемлекет басшысы кеше валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпей орнықты экономикалық өсудің мүмкін еместігін атап өтті. Бүгін Қазақстан қор биржасының валюта алаңындағы сауда-саттық және халықаралық төлемдер мен аударымдарды жүргізу қалпына келтірілуде».
Бұл мақсатта Ұлттық банк тарапынан валюталық интервенция жасау көзделіпті. «Теңгеге алыпсатарлық қысым көрсетуге жол бермеу мақсатында Ұлттық банк қажетіне қарай валюталық интервенциялар жүргізу арқылы валюта нарығындағы баллансты қамтамасыз етеді. Жоғарыда көрсетілген шаралар топтамасын табысты іске асыру нарықтың ішкі және сыртқы қатысушыларының тарапынан ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіруді қамтамасыз етуі тиіс», -деді Ерболат Досаев.
Валюталық интервенция деп ұлттық валюталық бағамына әсер ету мақсатында Ұлттық Банктің шетел валютасын сату және сатып алу жолымен валюталық нарықтағы операцияларға араласуын айтады. Ұлттық Банктің валюталық нарықтағы интервенциясы дербес түрде кез келген банктер және валюталық биржалар арқылы кез келген валюталық мәмілелер түрлерін пайдалану негізінде жүзеге асырылады.