Зейнетақы жинағының жеткілікті шегінен асқан қаражатты алмас бұрын әрбір қазақстандық болашақта алатын ақшасын ойлауы тиіс. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың пікірі осындай.
Kase Talks-тың кезекті шығарылымына қатысқан қаржыгер БЖЗҚ-дан қаражатты мерзімінен бұрын алуға қатысты пікір білдірді, деп жазады Kapital.kz.
Елена Бахмутованың пікірінше бұрын зейнетке шыққан ер адам орта есеппен 19 жыл, ал әйел адам 23 жыл өмір сүретін еді. «Ал, қазіргі таңда өмір сүру ұзақтығы ұлғайды. Қартайғанда балаларым бағады деп қамсыз қалуға болмайды. Сондықтан да, зейнетақы туралы ертерек ойлану керек».
Бахмутованың дерегінше үлестіруші зейнетақы жүйесінің кезеңі аяқталып келеді. 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін жұмыс өтілі болмаған жандар үлестіруші зейнетақы ала алмайды. Олар «бюджеттен төленетін базалық зейнетақыны місе тұтуына тура келеді. Бірақ ол ең төмені күнкөріс деңгейі, ал қалғаны зейнетақы жинағы. Әрине, артық қаражатты баспана алуға, емделуге жұмсағанға не жетсін. Алайда, кәрілік те келеді. Сондықтан да мемлекет өзіне міндеттеме алып, зейнетақы жинақтауға стимул беріп отыр. Ең төмені күнкөріс деңгейіндегі зейнетақыға өмір сүру оңай болмайды ғой», дейді Елена Бахмутова.
Дегенмен, қаржыгер зейнетақының жеткілікті шегінен асқан қаражатты қолдану бағдарламасын тоқтатудың қажеті жоқ деп есептейді. «Оны жүзеге асыру мемлекеттің саясатына сәйкес. Егер тұрғындар зейнетақы жинағын Отбасы банкінде қаражат жинауға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсағысы келсе, бұл опцияны қолдана алуы керек. Мұндай мүмкіндікті алдымен беріп, кейін жауып тастауға болмайды. Бұл халықтың билікке деген сенімін жоғалтады. Сондықтан бағдарлама міндетті түрде жалғасуы тиіс», дейді Елена Бахмутова.
Ал, спикердің дерегінше 2022 жылы Отбасы банкі өз салымшыларына төлейтін мемлекеттік сыйақы үшін республикалық бюджеттен 61,5 млрд теңге бөлінеді. «Мысалы, Еңбекпен қамту жол картасына шамамен 43 млрд теңге бөлінеді. Сондықтан, үкіметтен төленетін кез-келген мемлекеттік сыйақы ол бюджеттің қаржысы. Әрине бюджет созыла алмайды, трансферт ретінде Ұлттық қордан да өте көп мөлшерде қаражат алынды. Дегенмен болашақты да ойлау керек. Сондықтан бюджет тепе-теңдігі туралы және бюджет саясаты туралы мәселені де естен шығармаған жөн», деді қаржыгер.